Ұрпағыңды жылатпа!
Болашақ азаматтың ой-санасы, көзқарасы, сенім-нанымы, отбасында қалыптасады. Алайда қазіргі қоғамда өз туған баласын зар жылатып қоятын отбасылар көбейіп барады.
Мәселен, соңғы екі жылды салыстырып қарасақ, Мұғалжар ауданында 2010 жылы — 1, 2011 жылы — 3 ата-ана сот тәртібімен ата-аналық құқығынан айрылған. Бұндай жағдайға әлеуметтік жағдайдың нашарлығы мен ата-ананың ішімдікке салынуы себеп болып отыр. Осының салдарынан отбасында балалар қараусыз қалуда. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 70-бабы бойынша, ата-аналар өз баласының сапалы білім алуына жағдай жасап, денсаулығын қадағалауға, тәрбиелеуге жауапты.
Сондай-ақ баланың тәрбиесі мен білім алуына қатысты барлық мәселелерді баланың мүдделерін негізге ала отырып, оның пікірін ескеріп, өзара келісу арқылы ата-аналар шешеді. Алайда ерлі-зайыптылар сәбилерінің өміріне атүсті қарап, заңмен көзделген міндеттерін тиісті деңгейде орындамай, тірі жетімдер санын көбейтіп отыр. Бұндай жағдай балалардың ақыл-ойының дамуына ықпал етіп, олардың әр түрлі қылмысқа баруына себеп болуда. Мемлекет тарапынан бұндай отбасыларға әлеуметтік көмектер тиісті деңгейде көрсетілгенмен, ата-аналардың санасын ояту үлкен қиындық туғызып отыр.
Ұлт ұрпағымен рухтанады демекші, жаныңды жарқын ететін — отбасы жылуы.
Сондықтан ұрпақтарымыздың тірі жетім болып жыламауына жол бермейік, ағайын!
Айнұр КЕНЖЕХАНОВА,
Мұғалжар ауданы прокурорының
көмекшісі.